Шымкенттегі «Ontustik» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жанындағы Кәсіпкерлік мектебі талай жанға қанат бітірді. Кәсіп ашып, істі дөңгелетіп алып кетуге барлық жағдайды жасап, қолдан келгенше көмек қолын созуда. 2013 жылдан бастап, 27 мыңнан астам адам оқудан өтіп, сертификат алған. Кәсіпкерлік мектебінің басшысы Нұғман Жұлдызбаевпен болған әңгімеде атқарған жұмыстары бойынша сұхбаттасқан едік.

– Нұғман Есболғанұлы, Кәсіпкерлік мектебінен биыл қанша түлек қанат қақты? Жетістік қандай?

– Кәсіпкерлік мектебінің басты мақсаты – өңір тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру, кәсіп бастауына түрткі болу, қолдау, көмек көрсету. Осы жылдың алғашқы алты айында біздің мектепте кәсіпкерлік негіздері, салалық шеберлік сыныбы, тақырыптық тренинг бойынша жалпы саны 4376 адам дәріс тыңдады. Дәріс 32 сағатқа бөлінген. 10 күн арнайы білім алған оларға арнайы сертификат тапсырылады. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша екі жақты келісім-шарт арқылы кәсіпкерлік негіздеріне жұмыссыз азаматтар жоспар бойынша 514 адамға білім берудеміз. Біз сұранысқа сәйкес 529 адамды оқытып шығардық.

– Қандай жобалар бар? Олар қаншалықты жүзеге асырылып жатыр?

– Бізде бірнеше жоба жүзеге асуда. Оның біріншісі – «Сәтті бастама». Бұл жоба аясында біз кәсіп ашып, жұмысымды жандандырамын деген азаматтарды кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытамыз. Екінші - «Өрлеу» бағдарламасы. Бұл белсенді кәсіпкерлерге арналған. Яғни, оларға тек кәсіпкерлік негіздерін ғана емес, мемлекеттік сатып алу, салық есептілігі, маркетинг және сату тағы басқа тақырыптық тренинг өткіземіз. Ал үшінші жоба «Өркен» деп аталады. 18 бен 29 жас аралығындағы жастарға арналған. Былтыр облысымыздағы барлық жоғары және арнаулы оқу орындары басшыларымен меморандум түзіп, таныстыру презентациясын өткізгенбіз. Сол кезде 5 мыңға жуық жас қамтылған. Ал биыл 761 адамды оқыттық. Бұдан бөлек, әлеуметтік жобаларымыз бар. Яғни, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс жасап жатырмыз. Көзі әлсіз көретін жандарға арналған кітапханаға арнайы барып, біздің тренерлер дәріс жүргізеді. Сондай-ақ, гендерлік саясат бойынша әйелдер кәсіпкерлігін де дамыту бағытын қолға алып отырмыз. Ал «Табыс формуласы» жобасы аясында ірі жетістікке жеткен, кәсіпкерлік саласында өзінің орны, бағыт-бағдары бар кәсіпкер азаматтарды шақырып, арнайы лекцияларын, тренингтерін өткізіп тұрамыз.

– Дәріске қатысушылардың сұраныстары, талап-тілектері қандай? Көбіне оларды қандай сұрақ толғандырады?

– Тыңдаушылардың болсын, кәсіп жүргізіп жатқан жандардың болсын, негізгі сұранысы маркетинг және өнімді сатуға қатысты. Біздегі жеке кәсіпкер боп тіркелгендердің 80 пайызы көп өтпей өзінің жеке кәсібін жабады екен. Өйткені, бизнес сауаттылығы төмен. Маркетингтік зерттеу жасамаған. Бұдан бөлек, әкімшілік кедергілерді қосыңыз. Кепілзат пен алғашқы капиталдың болмауы да адамның ойын тығырыққа тіреп, алға қадам бастырмайды. Осындай түйінді мәселені шешу үшін тақырыптық тренингтер ұйымдастырамыз. Тағы бізде көп талқыланатын нәрсе салық мәселесі. Кәсібін ашқанмен, салық төлеуді білмейтіндер бар. Электронды үкіметті пайдалана алмайды. Сол себепті кіріс департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, семинар-тренингтер өткіземіз. Салық кодексіндегі өзгертулер мен толықтырулар жайлы айтамыз. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуларға байланысты да сауалдар жиі қойылады. Барлық сауалды елеп-екшеп, жинақтап, маңызды мәлімет беруге тырысамыз. Біздің басты мақсатымыз – тәуекелшіл жандардың қаржылық сауаттылығын көтеру, оларды шағын орта бизнеске баулу.

– Нәтижесін білсек, дәріс тыңдаушылар өз кәсібін ашуға келгенде қаншалықты белсенді?

– Кәсіпкерлік мектебінен 2016 жылдың осы кезеңіне дейін білім алғандардың 10 пайызы өз кәсіптерін ашты. Әрі қарай межеміз көтеруді, яғни 15-20 пайызға арттыруды мақсат тұтып отырмыз. Бізде жастар белсенді. Олардан көп идея шығады. Қиындықтардан қорықпайды. Тек тәжірибесі мен ақшасы жоқ. Қалтасында қаржысы бар, жасы үлкен кісілер бізге келеді. «Зейнеткермін, ақшам бар, тек іс бастайын десем, идеям жоқ» деп. Біз сол кезде жастар мен олардың арасындағы көпір болуға тырысамыз. Бірлесіп жұмыс жасауға қолдау көрсетеміз. Бүгінде бізден білім алған жастар қызмет көрсету бойынша түрлі кәсіпті қолға алып отыр. Клинингтік компания ашқан жастар бар. Қазіргі заманға сай 3 Д принтер бойынша бизнес бастаған жастар да жоқ емес. Ертең олардың ірі компания құрып, табысты кәсіпкерге айналатынына сенемін.

– Шыны керек, бізде көп адамдардың жеке кәсіп бастауға тәуекелі жете бермейді. Қорқыныштан қалай арылуға болады?

– Психологиялық тұрғыда «комфорт аймағы» деген бар. Өзінің үйренісіп қалған ортасынан алысқа ұзағысы келмейді. Басқа жұмысқа ауысайын десе, қолынан келмейтін сияқты болып көрінеді. Жаңа деңгейге, жаңа белеске көтерілгісі келетін әр адам комфорт аймағынан шығу керек. Ол үшін өзгеріс қажет. Өзгеріс шабыттан және қиындықтан туындайды. 
Содан кейін адам өзін өзгелермен салыстырмау қажет. Керісінше, «мен қандай болдым?», «қазір қай деңгейдемін?», «алдағы уақытта қандай болуым керек?» деген сауалға жауап іздесе, әлдеқайда табысқа қол жеткізері анық. Мақсатың анық, бағытың айқын болса, кез келген қиындықтан жол табуға болады.

– Кәсіпкерлік мектебі Шымкенттен бөлек, 14 аудан-қалада ашылғанын білеміз? Қай аудан мектебі озық тұр?

– Иә, біздің Кәсіпкерлік мектебі 14 аудан-қалада ашылған. Әрқайсысында бір теориялық, бір салалық тренерміз бар. Әр айда, әр маусымда олардың көшбасшылығы өзгеріп отырады. Қазір Ордабасы, Сарыағаш, Сайрам ауданының кәсіпкерлері белсенді.

– Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Біз «Кәсіпкерлік мектебінде» тегін оқытып жатырмыз. Алдағы уақытта ақылы негізде тренингтер ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, тренерлердің беделін көтеру, біліктілігін арттыру - басты мақсат. Олар алыс-жақын шетелдерге, Алматы мен Астана қалаларына барып біліктілігін арттырып келіп жатыр. Тек қала мен аудан орталығы тұрғындарына ғана емес, шалғайдағы ауылдарға да барып, ол жақтың адамдарына кәсіпкерліктің қыр-сырын жеткізсек дейміз. Сондай-ақ, уақыт тығыздығына, заман талабына сай, онлайн негізде вебинар өткізуді ойластырып отырмыз. Бұдан бөлек жастарға арналған «Үш айда миллион теңгені қалай табуға болады?» деген сынды пилоттық жобалар ұйымдастырып жатырмыз. Жас кәсіпкерлер клубын, агрономдар клубын құрмақпыз. Басқа да жобалар, атқаратын жұмыстар көп. Және де кәсіпкерлік саласының қыр-сырына бойлағысы келетін, кәсіп ашуды көздейтін жандарды тегін білім алуға шақырамыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

http://shymkala.kz/index.php/interview/item/2771-n-man-zh-ldyzbaev-k-sipkerlikpen-ajnalysu-a-nietti-zhastar-k-p

Поделиться